2018 жылы 21 наурызда, сағат 11.00-де Алматы музейінде 15 Республикалық «Жігер» шығармашыл жастар фестивалі сыйлығының, «Ажар» Қазақстан әйелдері жетістігін қоғамдық мойындау ұлттық сыйлығының лауреаты, Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі Айжан Әбдубаитованың «Зерлеу өнері: дәстүр және жаңғыру» атты жеке көрмесінің ашылуы өтеді.

Көрме Алматы қ. әкімдігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, «Наурыз» мерекесі қарсаңында тарихи артефактілерге, қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінің ежелгі дәстүрлеріне жаңа өмір сыйлаған автор шығармашылығын кеңінен көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Қазақ мемлекеттілігінің тарихы аңыздар мен жылнамаларда ғана емес, шебер-зергерлер жасаған алтын бұйымдарда да сақталған.

Айжан Әбдубаитова шығармашылығы бірегей. Ол 90-жылдардың басында Қазақстанда бірінші болып өнердің ұмытылып бара жатқан осы түрін қайта жаңғыртты және қазіргі таңда бұл техниканың барлық композициялық және технологиялық принциптерін қадағалай отырып жұмыс жасайтын жалғыз адам. Ол өткен заман киімдері мен тұрмыстық заттарын қайта қалпына келтіріп, жаңғыртады. Оның қолымен көне «Зерлеу» техникасында той көйлектері, ұлттық киімдер, тұрмыстық заттар жасалады.

«Зерлеу» - бұл тек қана алтын жіппен тігу техникасы ғана емес, бұл – ерекше философия. Автордың сөзі бойынша, алтын жіппен тігудің түбірі тереңде жатыр. Қазақтар мұндай ерекше тәсілмен мерекелік киімдерді, бас киімдерді, ақсүйектердің тұрмыстық бұйымдарын безендірген. Әр бұйым қомақты тарихи және мәдени ақпаратқа ие, тек оны түсіну және сақтау қажет.

Айжан қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерінің ұмытылған түрлері мен жанрларын қалпына келтіруші зерттеуші.

Ұзақ та ауыр еңбектің нәтижесі 15-19 ғғ. атақты қазақ зергерлерінің технологиясын жаңғырту болды (алтын жіппен тігілген («зер») бұйым тек ақсүйектерге: хан, би, ақсүйектерге арнап дайындалған). Әдетте археологиялық қазбалар нәтижесінде ежелгі шеберлердің ашылмаған сырын сақтаған сәнді киімдерден өте аз фрагменттер ғана алынады. Қазақтың салтанатты киімдері мен тұрмыстық заттарын этнографиялық және тарихи тұрғыдан зерттеу арқылы А. Әбдубаитова тарихи артефактілердің үлкен көлемін қайта жаңғыртты.  Олардың қатарында: хан киімдерінің жиынтығы, Жәңгір ханның мундирі, Фатима ханшаның бешпенті және тағы басқа көптеген қазақ ақсүйектерінің киімдері мен тұрмыстық бұйымдары бар. Көркемдік орындаудың жоғарғы деңгейінен бөлек, сөзсіз ғылыми маңызға ие,  түпнұсқасы Түркістан қаласындағы Әзірет Сұлтан музейінде сақталған Қожа Ахмет Яссауидің қабіржапқышы қайта қалпына келтіру жұмыстарының ішінде ерекше орын алады.

А. Әбдубаитованың жұмыстары ҚР Орталық мемлекеттік музейі қорында, ҚР Тұңғыш Президент музейінде, Қазақстанның облыстық музейлерінде сақталған.

«Зерлеу» техникасымен жұмыс істейтін шеберлер дәстүрлері – ғасырлар тереңінен жеткен қазақ халқының мәдени құндылығы, қайта жаңғырған бекзат өнер. Бұған автордың алтын жіппен тігілген шығармашылық жұмыстары ұсынылған «Зерлеу өнері: дәстүр және жаңғыру» көрмесі экспозициясымен танысқан жандардың көзі жететін болады.

«Зерлеу өнері: дәстүр және жаңғыру» көрмесі

2018 ж. 22 сәуірге дейін жалғасады.