6 маусым күні Алматы музейінде Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ел жүрегі – Астана» көрмесі ашылады.

Астананың көшірілуі халық сенімінің символы бола отырып, ел дамуының жаңа кезеңін бастады. Жаңа астананың салынуы оңайға соққан жоқ. Астана құрылысына 71 қала, 135 өндіріс орны, 435 құрылыс компаниясы ат салысты. Бас қаланы салуға түрік, итальян, франуз, швейцар құрылысшылары өз үлестерін қосты. Жыл сайын 60-тан 100-ге дейін орта және ірі нысандар іске қосылды. Қарқынды жүргізілген құрылыс жұмыстары және халық қолдауы бар-жоғы 10 жыл ішінде қазақ даласында қайталанбас келбетті заманауи қала тұрғызуға мүмкіндік берді.

Көрменің мақсаты: Алматылықтар мен қала қонақтарын Елорда құрылысы тарихының жекелеген сәттерімен таныстыру, тек өз саласында танымал мамандар есімі мен еңбегін халыққа паш ету, заманауи қазақстандық сәулет өнерін насихаттауға үлес қосу. Көрмеде Астана үшін жасалған бірегей нысандардың идеясы туындаған сәттен жүзеге асырылғанға дейінгі кезеңдері  графикалық форматта ұсынылады. Сондай-ақ, іске аспай қалған жобалар туралы мәліметтер де көрмеден өз орнын алған.

Іс-шараға Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасы, сондай-ақ Алматы қаласындағы мәдени орталықтар өкілдері қатысады. Көрме тамыз айына дейін жалғасады.