15 маусым күні Алматы музейінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атақты суретші,әдебиетші, Жазушылар одағының мүшесі Жұмат Әнесұлының «Алматы және оның аңыз тұлғалары» атты жеке көрмесі ашылады.

Жұмат Әнесұлы 1947 жылы 25 қаңтарда Қостанай облысы, Торғай ауылында дүниеге келген. ҚазГУ-дің тарих факультетін бітірген соң «Торғай таңы» облыстық газетінде суретші-безендіруші, кейінірек Арқалық қаласындағы гимназиялардың бірінде бейнелеу және сызу пәндерінен мұғалім болып жұмыс істеді.

Қазіргі таңда суретші Алматы қаласында тұрады. Жұмат Әнесұлының туындылары жеке, қалалық, республикалық көрмелерде орын алған. Жұмат Әнесұлы туындыларында жарқын түстер қолданып, кескіндеме саласында өзіндік қолтаңбалық ерекшелігін қалыптастырған. Суретші шығармашылығындағы кейіпкерлерінің сыртқы келбетін көрсетуімен қатар ішкі жан-дүниесін сезінуге мүмкіндік беретін портреттерімен танымал.

Жұмат Әнесұлы есімі қоғамға журналист ретінде де кеңінен таныс. Оның туындылары баспасөз беттерінде жиі кездеседі, сондай-ақ «Наша гордость», «После декабрьских событий» атты кітаптардың авторы болып табылады.

Алматы музейінде ұйымдастырылып отырған «Алматы және оның аңыз тұлғалары» атты көрмесінде суретшінің 42 туындысы халық назарына ұсынылады. Алматы қаласының көрікті көріністері мен оның белгілі тұлғалары, ақын-жазушылар, әншілер, майлы бояу және гуашь техникасында орындалған.

Іс-шараға Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасы, сондай-ақ Алматы қаласындағы мәдени орталықтар өкілдері қатысады.