Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру»    мақаласында көрсетілген шараларды іске асыру аясында Алматы музейінде «Рухани жаңғыру залы» жобасы әзірленуде.  Тәуелсіздіктің тұғыры бекіген сайын төл тарихты танып білуге талпыныс артып келеді. Сондықтан Алматы музейіндегі жаңа экспозиция  ұлттық рухын іздеп, түп-тамырына үңілген әрбір жанға рухани азық бермек.

 Аталмыш залда  «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енген Алматы қаласы аумағында орналасқан нысандар – «Тәуелсіздік таңы» монументі,  қазіргі Қазақ-Британ техникалық университеті орналасқан  ғимарат, Вознесен Соборы, А. Байтұрсынұлының музей-үйі, «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркі, Райымбек батыр кесенесі туралы толық мәліметтермен танысуға болады.

Сонымен қатар, жергілікті маңызы бар Алматы музейі, Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш, Көктөбе, «Медеу» мұз айдыны, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың музей-үйі туралы көрнекі ақпарат та келушілердің қызығушылығын  туғызары анық.

Экспозицияның ауқымды бір бөлігі «100 жаңа есім» жобасына енген 20 жерлесімізге арналған. Әр салада келелі жетістіктерге қол жеткізіп, айқын азаматтық ұстанымы мен берекелі істерімен танылған алматылықтардың өнегесі өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

Сондай-ақ, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы ақпарат, қазақ тілінде басылып шығатын 100 оқулықтың алғашқылары осы залдан өз орнын табады.