Алматы музейі 2001 жылы ашылған. Бүгінде ол Жетісу өңірінің тарих-мәдени мұраларының барлық саласын қамтыған ірі ғылыми және мәдени орталық. Музей коллекциялары 35 мыңға тарта экспонаттарды құрайды. Олардың арасында – бейнелеу өнерінің шығармалары, қазақ этнографиясының бірегей жинағы, сондай-ақ қазірде Алматыда тұратын халықтар өкілдерінің этнографиясы, әртүрлі дәуірлер мен мәдениеттер тұрмыстық заттарының коллекциялары, нумизматика, фото және құжаттар бар. 

Музей құрамында мәдени және табиғи ландшафт сақталған «Боралдай сақ обалары» әулеттік патшаларды жерлеу кешені бар.

2015 жылы Алматы қаласы музейлері бірлестігі құрылды. Оның құрамына: Алматы музейі, Д.Қонаевтың музейі, Ықылас атындағы халықтық музыка аспаптары музейі, Н.Тілендиевтің музейі, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музейі, Дәстүрлі өнер мультимедиалық орталығы енді.

2016 жылы музейге бұрынғы бөбектер үйінің ғимараты беріліп, жаңа экспозиция ашылды.

Ғимарат 1892 жылы салынған. Жобаның авторы – сәулетші Поль Лионель Базиль Гурдэ.

Верный бөбектер үйін 1879 жылы Қоғамдық бөбектер үйі комитеті құрған болатын. 1883 жылғы 1 тамызда Қала Думасы  бөбектер үйінің ғимаратын салу үшін 2 орам (12 усадьбалық орын) бөлді. Ғимарат құрылысын салу жобасы мен сметасы Қамқоршылар Кеңесінің техникалық бөлім бойынша Құрметті мүшесі П.Гурдэге сеніп тапсырылды. 20 шілдеде ғимарат пен шіркеу дайын болды және 1892  жылғы 27 тамызда дәріптелді.

1897 жылдан бастап бөбектер үйі Жетісу облыстық қамқоршылығының құрметті мүшесі Н.Пантусовтың қамқорлығында болды. Бөбектер үйі қамқоршыларының арасында П.Зенков, Л.Фидлер және басқалары болды. Облыс губернаторы, қалалық әкімшілік өкілдері, дін қызметкерлері, Верный қаласының тұрғындары, Верный уезінің қазақтары және басқалары тұрақты түрде қайырымдылық жәрдемдерін беріп тұрды.

Кеңестік уақытта бөбектер үйі Есік қаласына көшірілді. 1929 жылы ғимаратқа ҚазАКСР үкіметі, кейінірек – медицина мекемесі, 1-ші балалар клиникалық ауруханасы, Алматы медицина колледжі орналасты, қазіргі кезде мұнда – Алматы музейі орын тепкен.

Верный бөбектер үйі Верный қаласының үздік ғимараттарының бірі, ол танымал верныйлық сәулетші Поль Гурдэнің жобасымен салынған, ол қаланың келбетін қалыптастыруға қомақты үлес қосқан сәулетші. Ғимарат 19-ғасырдың соңындағы эклектикалық кезең сәулетін дамытудың негізгі үрдістерін бейнелейді.