31 қаңтар - әлемді әрлендіріп жүрген шеберлердің төл мерекесі - Халықаралық зергерлер күні. 2008 жылы Ташкентте өткен Жас зергерлер фестивалінде осы мерекені жыл сайын атап өту туралы шешім бекітілді. Ал қаңтарды таңдау да бекерден бекер емес. Өйткені жылдың алғашқы айында зергерлер өз таңбаларын тіркеуден өткізеді екен. 

Бүгін Алматы музейінде осы айтулы күнге орай «Ата-баба өнері – ұрпаққа мұра» көрмесінің ашылуы өтті. Көрме аясында О. Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі студенттері және оқытушыларының қатысуымен зергерлік бұйымдар жасау бойынша шеберлік сағаттары да ұййымдастырылды.

Ежелгі Грекия зергерлік өнердің отаны саналады. Мұнда алғаш рет тасқа өрнек салынды, түрлі-түсті бағалы металдардан әшекей бұйымдары жасалды. Ежелгі шеберлердің туындылары әлі күнге дейін адардарды өзінің сұлулығымен тамсандырып келеді. Гректер алғаш рет маржан, янтарь секілді бағалы тастарды қолданды.

Зергерлік өнер қазақ халқының да ұлттық мәдениеті тарихында ерекше орын алады. Онда халықтың дүниетанымы, талғамы, көркемдік және материалдық құндылықтарының деңгейі көрінеді. Сүйек пен ағаш ою, тері және қыш өнері секілді басқа да көркемөнер түрлеріне қарағанда зергерлік өнердің «мәңгілік материалдары»: алтын, күміс, қола уақыттың тосқауылдарына қарсы тұрып, халық өнерінің дамуының ерте заманнан бүгінге дейін үзіліссіз тарихына куә болуға мүмкіндік береді.

Көрмеде Алматы музейі қорындағы Жетісу қазақтарының зергерлік бұйымдары коллекциясы ұсынылды. Сондай-ақ Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясының оқытушысы, танымал зергер Естай Даубаев іс-шара қонағы болды.

 

         Көрме   7 ақпанға   дейін жалғасады.