14 қыркүйек күні Ғылым ордасында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК ұйымдастырған «Отандық туризмді дамытудағы музейлердің рөлі» Республикалық форумы өтті.
«Қазақстанның қасиетті орындарының географиясы» жобасы аясында Қазақстанның бай тарихи, мәдени мұрасын сақтау бойынша үлкен зерттеу, ағартушылық жұмыстарын жүргізіп отырған музейлерге ерекше рөл берілген. 
Заманауи музей артефактілердің қоймасы ғана емес, туризм саласында көптеген функцияларды атқаратын орталық болып табылады.
Форумда музейлік туризмді дамыту жолдары, музейдегі жаңа технологияларды қолдану мүмкіндігі, музейлік нарық интеграциясындағы өзектілігі, қазіргі музей және туризм индустриясы, танымдық туризмнің дамуындағы тарихи-мәдени мұраның ықпалы секілді негізгі мәселелер талқыланды. 
Форумға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Қырықбаев Арман Оразбайұлы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Жұрынов Мұрат Жұрынұлы, Қазақстан Туристік ассоциациасының директоры Шайкенова Рашида Рашидқызы, т.б. республиканың әр аймағынан жиналған музей, туризм саласының мамандары қатысты.