Алматы  Музейінде  «Жас археологтар» мектебі жобасы басталдыыы!!! Жас археологтар Талғар қаласы маңындағы Рахат ортағасырлық қалашығындағы қазба жұмыстарына қатысуға мүмкіндік алды.

Біріншіден, ауа-райы болжамына байланысты маршрутты Қастек қалашығынан Рахат қалашығына ауыстыруымызға түсіністікпен қараған ата-аналарға үлкен алғыс!

Рахат қала жұрты – Есік қорымынан оңтүстікке қарай 5 шақырым қашықтықта тау бөктерінде, Есік-Талғар жолының бойындағы Рахат ауылына жанаса орналасқан. Ол жерде мұнаралы қамал қабырғалары, орлар анық көрінеді. Рахат қалашығы сақ патшаларының қонысы болған және осы жерден «Алтын адамның» сүйегін шығарған деген болжам бар.

2015 жылдан бері бұл жерде «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Қытай Халық Республикасы Шанси археологиялық институты бірлескен қазба жұмыстарын жүргізуде.

Қазба барысында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері Төреәлі Төлегенов балаларға қазба жұмыстарының орны, өлкедегі ортағасырлық қалашықтары туралы және археология ғылымының қыр-сыры жайлы дәріс өткізді.  Балалар археологиялық қазба жұмыстарында көздерімен көріп, қолмен ұстап, тарихи қалашықтың өткенін зерттеді. Сонымен қатар, бағдарлама бойынша «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне саяхат жасап, қызықты экскурсия тыңдады.

Бүгінгі тарихи-танымдық шоудың ойдағыдай өтуіне себепкер болғаны үшін ең алдымен қатысушыларға, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұжымына, Алматы қаласы жедел жәрдем  және жол полициясы қызметкерлеріне үлкен алғыс білдіреміз!

Жоба жаз бойы өткізіледі.