Ұлттық валюта күні мемлекеттік мерекесі қарсаңында еліміздің ірі тарихи-мәдени-ғылыми орталықтары Алматы музейі, ҚР Президенті Архиві, Отырар Мемлекеттік археологиялық қорық-музейі, «Әзірет Сұлтан» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі бірлесе отырып «Қазақстан аумағындағы ақша айналымы: көне заманнан бүгінге дейін» тақырыптық көрмесін ұсынады.

Қазақ даласында, халықтың ұзын сонар өтпелі тарихында саяси-экономикалық, мәдени өмірінде үлкен әсері болған ортағасырлық қалалардың орны ерекше. Олардың қатарында Ясы-Түркістан, Сауран, Сайрам, Сығанақ, Отырар қалаларының орны ерекше. Қазақстан территориясында ерте кезеңдерден Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қалалар қатарында Ясы-Түркістан және Отырар ортағасырлық қалаларының өлке тарихын зерттеуде алар орны ерекше. Ең алғашқы кешенді археологиялық зерттеу жұмыстарының осы қалаларда жүргізілуінің өзі осыны растап тұрғандай. Қазіргі таңда Қазақстан археологтарының қазба жұмыстары кезінде табылған ертеортағасырлық нумизматикалық табыстар мен жеке коллекционерлер жинақтары өлкедегі сауда-саттықты зерттеуге мүмкіндік бере алатын едәуір көлемдегі материалдар ұсына алады. Бүгінгі таңда «Әзірет Сұлтан» және Отырар археологиялық қорық-музейлерінің нумизматикалық жәдігерлер қорында аталмыш дәуірге тән біршама нумизматикалық материалдар жинақталған. Өлкенің сол кезеңдердегі материалдық-әлеуметтік, саяси-рухани өмірінен хабар бере алатын нумизматикалық материалдар негізінде Алматы музейінде төл валютамыз-теңге күніне орай нумизматикалық жәдігерлер көрмесін ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Көрме музейлер қорларының жинағындағы жәдігерлерден құрылып, көрме көрерменге мейлінше толық мәлімет беруі үшін, түрлі деректерден, қамтылып отырған дәуір нумизматикасына қатысты тиындардың суреттерін де қосымша материалдар ретінде ұсынады, өлкенің сол кезеңдегі сауда-саттық, әлеуметтік ахуалынан хабар беретін деректерді де қамтиды. Сонымен қатар, ҚР Президенті архиві қорынан алғаш рет жұртшылық назарына ҚР Ұлттық валютасы – теңгенің қалыптасу тарихын баяндайтын бірегей құжаттар, суреттер, экспонаттар ұсынылады.

3 бөлімнен тұратын көрменің алғашқы бөлімін музей қорындағы нумизматикалық материалдардың ең көне үлгілері-біздің дәуірдің ІІІ ғ.-нан бастау алып, VII-VIII ғғ. өлкенің түркі тайпаларының ықпалына өткен кезеңдеріндегі нумизматикасына қатысты жәдігерлер мен деректік материалдар құрайды. ІІ-ші бөлімде араб халифаты билігінің қарсаңындағы нумизматика және араб нумизматикасының ықпалына өткен кезеңдердегі, Саман, Қарахан әулеті билеушілері тұсында соғылған тиындар мен оларға қатысты ғылыми еңбектер қорытындылары мен сол кезеңдерден жеткен жазба

ескерткіштерден алынған материалдар қамтылды. ІІІ-ші бөлімде өлкеде билігі үстемдік еткен Хорезмшах Мұхаммед бин Текеш атынан соғылған тиындар, ХІІІ-ші ғасырда өлкедегі билікті қолға алған моңғол билеушілерінің ақша түрлері мен музейлер қорларында кездеспейтін кей тиындардың суреттері мен сол кезең нумизматикасына қатысты материалдар қамтылады.