Әлімсақтан өнер -  пенде қолымен ұстап көре алмайтын, бір нәрсеге айырбастап, не сатып жібере алмайтын киелі дүние. Ол тек қана Жаратқаның назары түскен жанның кеудесіне ұялап, сол арқылы жалпы жұртқа таралатын рухани қазына. Соның ішінде, сурет өнерінің алар орны ерекше. Суретші – сусыған уақытты тоқтатып, тарихтың  бір сәтін қылқалам құдыретімен тоқтатқан шебер. Көзімен көргенді жүректен өткізіп, көрерменге ұсынады. Сондай еркше жандардың бірі – суретші Жұмат Әнесұлының  «Алматы және оның аңыз адамдары» атты жеке сурет көрмесі Алматы музейінде ашылды. Көрмеге қылқалам шеберінің пейзаж, портрет, натюрморт, урбанистикалық кескіндеме жанрларында жазылған 50-ден астам туындысы қойылған.

Бейнелеу өнері – Ж. Әнесұлының шығармашылығының бір қыры ғана.  Ол талантты суретші ғана емес, сонымен қатар публицист,  жазушы, бірнеше кітаптың авторы.  Ежелгі грек  Эзоп негізін қалап, француз Жан де Лафонтен,  орыс  жазушысы Иван Крылов дамытқан, Ахмет Байтұрсынов қалам тербеген мысал жанрын меңгеріп, уытты сатирасымен қазіргі қоғам келеңсіздіктерін  аямай түйреп жүрген де осы   Жұмекең.

«Жұмат Әнесұлының шығармашылығы суретпен ғана шектелмейді. Проза, публицистика жанрындағы еңбектері елге танылса, ақындық жүрегімен салған суреттері – көрерменге енді жол тартып, өз бағасын алары сөзсіз»,- деді, кеш қонағы әрі суретші кейіпкері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлық иегері, қазақтың жыр аққуы атанған ақын Марфуға Айтқожина көрменің томағасын сыпырып тұрып. 

Ақын, «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлімұлы қазақты әлемге таныту, ұлт ретінде мойындату халықтың өнері мен мәдениетін насихаттаудан бастау алатынын тілге тиек етті. Тағдырлы тарихымыз, өр өнеріміз, ұлт мәйегі – мәдениетімізді «...өзіміз ғана біліп, өз қазанымызда өзіміз қайнай беруге болмайды. Шартарапқа танытуымыз керек».

Көрменің ашылу салтанатына арнайы шақырылған ақындар Аян Нысаналин мен Зейнолла Тілеужанов жиналғандарды жырмен сусындатса, көрмеге ақ жол тілеген белгілі күйші Талап Қараш Нұрғисаның «Аққуын» әуелетті.

Шебердің қолынан шыққан «Ботаникалық бақ», «Төле би көшесіндегі аллея», «Ескі алаң», «Қызыл үй» картиналары  Алматының өзіне ғана тән атмосферасын шебер жеткізсе,  өмірлері Алатау баурайындағы әсем қаламен біте қайнасқан Ахмет Байтұрсынов, Айгүл Үлкенбаева, Шөмішбай Сариев, Аян Нысаналин, Марфуға Айтқожина, Кеңшілік Мырзахметов сынды тұлғалардың портреттік галереясы терең психологизммен ерекшеленеді.

«Сурет -   адамзат тарихындағы ең ежелгі  өнер саласы. Тасқа қашап сурет салған бабаларымыздан бастау алған  киелі өнердің қазақ дүниетанымында да алар орны ерекше. Қазақ бояуға, түске терең мән берген халық. Киіз үй жасауларының, тұрмыстық заттардың  қанық бояуы, табиғат түстері  баланың қиялын дамытып, көңіл көкжиегін кеңейтетінін ата-бабаларымыз ертеде ақ байқаған. Сондай тәрбиеге қанып өскен Жұмат Әнесұлының шығармашылығы да экспрессияға бай, портреттері кейіпкер мінезін дәл беруге ұмтылған»,- деп,  атап өтті көрменің ашылуында сөз алған «Алматы қаласы музейлер бірлестігі»КМҚК директорының орынбасары Қайрат Тарбаев.

Осы көрмені өткізу туралы ұсынысын қабыл алып, барынша көмек көрсеткен Алматы музейіне алғысын білдіріп тұрып, суретші Жұмат Әнесұлы музей қорына өткен ғасырдың 60-70 жылдары өзі қолданған бірнеше фотоаппаратты тарту етті. Құнды жәдігерлер музей экспозициясынан лайықты орын алары сөзсіз.

 

«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК