Музей - өткен уақытпен жүздесе отырып, бүгінгі өмірге тарих парасатымен қарайтын орын. Бұл ғасырлар таңбасы мен табы қалған жәдігерліктер мен заттарға ой көзімен қараудың, заманалар айнасына қарап ел мен елдік жолын пайымдаудың айрықша мүмкіндігі.

Бүгін Алматы Музейіне арнайы ат басын бұрған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбаймен болған жылы жүздесу, әсерлі әңгіменің негізгі тұжырымы осы болды.

Музей ісімен, жалпы мәдениет мәселелерімен жіті айналысқан Дархан Қамзабекұлы Алматы Музейі қызметіне жоғары баға берді. «Музейге қоғамдық сананы қалыптастыруға едәуір дәрежеде ықпал ететін зерде институты ретінде қарау керек. Қазіргі заманда музейлер өз жұмысын толыққанды атқару үшін қызметін ғылыми жетістіктерімен, жаңа әдістермен, технологиялармен байытуы тиіс. Бұл ретте ғасырлар бойы қалыптасқан осы саланың дәстүрін мұқият сақтау, мемлекеттік мүддені алтын арқау ету - маңызды қағидат»,- деп, атап көрсетті Мәжіліс депутаты.

Осы саланың «алтын ресурсы» - музей қызметкерлерінің де әлеуметтік, материалдық жағдайы депутат назарынан тыс қалмады. Қазіргі музей қараушыларының, экскурсия жүргізушілердің, ғылыми қызметкерлердің жалақысын көтеріп, жағдайын жасау мәселелерін үнемі назарда ұстап, оң шешімін табуға ықпал ететінін де қадап айтты Дархан Қамзабекұлы.

Музей экспозициясын көріп шыққаннан соң, Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Данияр Алиев мәртебелі қонақты Алматы шаһары аумағында қала әкімі Бауыржан Байбектің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ірі, приоритетті жобалармен таныстырды. Олардың ішінде – «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық парк аймағында бой көтеретін «Сақ мәдениеті орталығы», «Райымбек батыр кесенесі» музейлік кешені және Розыбақиев-Штраус көшелері қиылысындағы Сақ қорғанын музеефикациялау жұмыстары.

Атқарылып жатқан жұмыстарға сәттілік тілеген Дархан Қамзабекұлы музей қонақтарының Алғыс кітабына ақжарма лебізін тізді:

«Ағартушылық, танымдық жұмыстарға ұйытқы болып отырған қара шаңырақ әр кезде қолдауды қажет етеді. Музей қызметкерлері мәдениет танумен, танытумен қатар қаланың шежіресін баяндап, ғылыми жаңалықтардың жаршысы болатыны сөзсіз. Даму үшін музейге сый тартушыларды көптеп тартудың қисыны бар. Ғылымның жетістіктеріне жол ашатын музей ғалымдарын ынталандырса да құба-құп болар еді. Еңбектеріңіз жана берсін! Дархан МЫҢБАЙ, Алматы, 2019 жыл 31 қаңтар»